Құл иеленушілік шығыс Қазақстанда етек жайып бара жатыр

Құл иеленушілік шығыс Қазақстанда етек жайып бара жатыр

Friday, 25 December, 2009
Қазақстанның шығыс бөлігіндегі полиция мен құқыққорғаушы топтар адамдардың ұрланып, оңаша жатқан фермаларда оларды құл есебінде жұмысқа салу оқиғаларының кездескенін айтады.

Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жүргізген зерттеу нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында күшпен әкелініп, ұсталынып отырған үш тұтқын босатылды.

«Құл иеленушілерді» қолға түсірген полиция капитаны Айдарбек Тілеубеков мұндай жұмысшылардың қандай жолмен әкелініп жүргенін айтып берді.

«Қожайынның отыз жастағы ұлы ауылдан бірнеше жүз шақырым қашықтықта орналасқан Семей қаласына (орыс тілінде «Семипалатинск» деген атпен белгілі) барып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, көше кезбелерін «ішімдік ішкені үшін» ұстайтын болған. Сосын оларды «қыстауға» (қойшылардың өмір сүруіне арналған, өмір сүру жағдайы төмен үй) апарып отырған», - деді полиция капитаны.

Осылайша, құл иеленушілер төрт адамды қолға түсірген, олардың үшеуі көше қаңғыбастары – қырық жастағы ерлі-зайыптылар мен 55 жастағы ер адам.

Төртіншісі 50 жастағы тас өңдеуші Қадырәлі болған, оның құрылыстағы жұмысынан лас киімде келе жатқанын көрген адам ұрлаушылар Қадырәліні үйсіз жүрген жан деп ойлап, оған ішімдік беріп, ауылға алып кеткен. Кейін құл иеленушліер оған ішкен ішімдігіңді бір ай бойы мал бағу арқылы төлеп шығасың дегенді айтып қара жұмысқа салған.

«Мен қарсылық танытқан кезде, олар мені қорада аяғымнан асып қоямыз деп қорқытты. Тамақты да жарытып берген жоқ, жегеніміз макарон мен нан болды. Кей-кейде асқа аурудан өлген қой беретін. Істеген жұмысымызға ештеңе төлемейтіндіктерін түсінгенімде менің шыдамым әбден тауысылды», - деді кейін Қадырәлі полицияда.

Үйіне қайтқысы келген Қадырәлі, егер оны жібермесе қыстауды өртеп жіберемін деп қорқытқан. «Сонда маған «Қайда барсаң онда бар» деп жауап берді. Ал мен қайда барамын. Мен де, менің жанымда болғандар да қай жаққа баруды білген жоқпыз», - дейді Қадырәлі.

Жақын жатқан қалаға жаяу жету мүмкін емес еді, себебі құлазыған кең дала жүздеген шақырымға созылып жатыр. Оның үстіне осы қыстаудың маңын қасқырлар торып жүреді, олар кейде отардан қой да алып кететін.

Қыстау иелері тұтқындардың қашып кету мүмкіндігінің жоққа тән екенін білді, сондықтан олар жұмысшыларды тіпті күзетпейтін де.

«Бірақ мен өз бостандығыма қол жеткіздім», - дейді Қадырәлі, ол бір адамдарды Семейге өзін апарып тастауға көндірген, қалаға келісімен жапа шегуші бірден полицияға барған.

Жедел топ қызметкерлерінің айтуынша, егер Қадырәлі келмесе, олар қыстаудың қайда екенін ешқашан таба алмас еді.

«Біздің облыста құлдықтың дәл осы түрі кең таралған. 2008 жылдың наурыз айында, Жарма ауданында еріксіз құлдықта ұсталынып отырған ерлі-зайыптылар табылып, босатылды, дәл осындай жағдай осы жылдың мамырында Үржар ауданында қайталанды», - дейді Шығыс Қазақстан облысында заң шеңберінен тыс жұмысқа жегілгендерге көмек көрсететін «Феникс» үкіметтік емес ұйымының директоры Нәзігүл Ахметқалиева.

Жоғарыдағы іс бойынша тергеу шарасы әлі жүріп жатыр, ол біткен соң полиция шаруа қожалығының иелеріне айып таға ма, жоқ па – соны шешеді.

IWPR пікірінше, егер іс сотқа жеткен жағдайда, ол 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын Қазақстан Қылмыстық кодексінің 128-бабы (Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны пайдалану не азғырып-көндiру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау) бойынша жүреді.

128-бап бойынша жауапқа тарту Шығыс Қазақстан облысында сирек кездеседі, себебі, «құл иеленушінің» кінәсін дәлелдеу қиын, ал зардап шеккендер билікке шағымдануға онша құлық таныта қоймайды.

Жоғарыдағы бап бойынша осы уақытқа дейін тіркелген үш қылмыстық істің екеуі адамдарды жыныстық қатынаста пайдалануға , ал біреуі адам еңбегін пайдалануға байланысты қозғалған. Төртінші қылмыстық іс 133-бап (кәмелетке толмағандарды саудаға салу) бойынша қозғалды, заң бұзушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қазақстанның ішкі істер Министрлігінің ақпаратында ел бойынша 128-бап бойынша 128, ал 133-бап бойынша 16 қылмыстық іс қозғалғаны көрсетілген.

Ахметқалиев құлдыққа тек Қазақстан азаматтары ғана емес, сонымен қатар көршілес Өзбекстан, Қырғыз Респуликасы, Ресейдің азаматтары да түсетінін айтып кетті.

«2005 жылы Үржар ауданында Ресейдің азаматы табылып, босатылды. Оны жеке кәсіпкер өзінде 5 жыл ұстап отырған. Ресей азаматы құрылыста істеген, мал баққан, жылуы жоқ үйде тұрған, ақша алмаған. Ол ресейлік іс-түзсіз жоғалып кеткендерді іздейтін «Жди меня» бағдарламасының арқасында табылды, азаматты анасы іздеп осы бағдарлмаға хабарласқан екен», - дейді Нәзігүл Ахметқалиева.

Миграция бойынша Халықаралық ұйымның қолдауына ие адам саудасына қарсылық жобасының үйлестірушісі Әлия Аликова: «Қазақстанның қалалары мен ауылдық аймақтарының географиялық орны мен экономикалық өсімі Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстаннан келген мигранттарға тірек пункті болып отыр», - дейді.

Мигранттардың басым көпшілігі Қазақстанға өз еріктерімен, отанында қалған отбасыларына ақша табу үшін келеді.

Құлдыққа түскен немесе осыған ұқсас жайттарға тап болған жандарға арнап Миграция бойынша Халықаралық ұйым (МХҰ) екі арнайы орын, сонымен қатар адам саудасына байланысты ақпаратпен жұртшылықты қамтамасыздандыру үшін телефон желісін ашты. Басқа ұйымдармен біріге отырып МХҰ жыл сайын 100 шақты адамға көмек көрсетеді.

Полиция қызметкерлері аталған қылмыстық істермен айналысса да, олар құлдыққа түскен адамдарға әрдайым аяушылықпен қарай бермейді.

Семей қалалық ІІБ-ның ақпарат пен тіл саясаты бөлімінің бастығы Елубек Оспановтың сөзіне қарағанда үйсіз жүрген адамдар мұндай жағдайға түскеніне өздер кінәлі.

«Біз қаңғыбастығы үшін қолға түсірген жандардың көбісінің қалада оларға қарап, бағып-қағуға дайын туыстары бар. Бірақ мұндай адамдар отбасы қарауында ары кетсе екі апта бола алады,содан кейін қашып кетеді. Бәріне кінәлі – ішімдікке салыну», - дейді Оспанов.

Семей қаласындағы «Дом» қоғамдық қауымдастығының заңгері құлдық мәселе Қазақстанда жаңадан пайда болған жоқ, ол кеңестік кезеңде де болған деп есептейді.

«80 жылдардың басы мен 90 жылдары мен құқыққорғау органдарында қызметте болдым және мұндай оқиғалаларға кездескенмін. Жұмыс бригадалары көше кезбелерін ақша төлейміз деп жинап алып келіп тегін жұмысқа салатын. Мұндай жағдайларда әдетте іс қозғалмайтын, ал босатылған «құлдар» арыз жазудан бас тартатын. Мүмкін оларға қысым көрсетілген шығар», - деп Гурин есіне алды.

«Қазір болып жатқан дүние - өткеннен қалған мұра, дәстүр», - деп өз ойын қорытындылады ол.

«Дом» ҚҚ-ның жетекшісі Майра Әбенова Қазақстанда етек жайып келе жатқан әлеуметтік бөлінушілік қоғамның мұндай жағдайға бей-жай қарауына әкеліп соқты деп санайды.

«Қоғам ауқаттылар мен тұрмысы төмендерге бөлінді. «Төменгі сорт» пен «жоғарғы сорттың» адамдары пайда болды. Тіпті балалардың өзі «бомждарды» адам деп санамайды. Менің ойымша, заңсыз еңбек күшін пайдаланатын шаруа шаруашылықтары Қазақстанда аз емес. Бірақ қоғамдық қауымдастықтардың бұл мәселені шешуге қауқары жетпейді. Бұл жерде прокуратура мен полицияның қатаң назары керек», - дейді Әбенова.
Frontline Updates
Support local journalists