Қазақстандағы оппозициялық газет: аман қалу жолында
Қазақстандағы оппозициялық газет: аман қалу жолында
БТА-Банк осы жылдың ақпан айында қаржы дағдарысынан жапа шеккендігіне байланысты ұлттық деген дәрежеге ие болған еді. Қазақстанның көптеген банктеріне халықаралық нарықта ақша табу өте қиынға соқты, ал олардың ел ішінде берген несиелерін несие алған адамдар уақытында қайтара алмай жатты.
Газет редакциясы 60 миллион теңге көлеміндегі ақшаны беріп, мүлде тақырға отырып қала алмайтындықтарын айтады. Оның қорғаушылары бұл сот шағымы – саяси жүріс, осылайша газетті жауып тастағалы жатыр, ал бұл елдегі сөз бостандығына деген үлкен соққы болады деп мәлімдеді.
Газетке айыппұлдың үштен бірін де төлеу қиынға соғып тұр. Бұлай бола қалған жағдайда газеттің бас редакторы Гюзаль Байдалинова түрмеге түспес еді, бірақ банк мұндай қадамнан бас тартып отыр.
Газет редакциясы БТА-банк жайлы буклеттер мен шағын-дискілер сатып ақша таппақшы. Буклетке орыс және қазақ тілдерінде комикстер, өлеңдер, фотосуреттер және әзіл-қалжыңдар кіреді. Акция «Республикаға көмектесейік – БТА-Банкті тақырға отырғызайық!» деген ұранмен басталды.
9 қыркүйек күні Медеу аудандық сотымен «БТА-банктің» «Республикаға» қарсы берілген азаматтық шағымы бойынша банк пайдасына шешім шығарылды. Сот Марат Максудов 6 наурызда газет мақаласында жарық көрген фактілерді шындыққа жанаспайды деп тауып, оларды «банктің іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деп мойындады. Сот жауапқа тартылушыларды банк мүддесін көздейтін қарсы мақала жариялап, шағым берушіге меншік иесі, газет шығарушысы және редактордан 60 миллион теңге көлеміндегі соманы төлеуді міндеттеді.
Газет редакциясы айыппұлды БТА-ның меншік компаниясы шығарған, газет редакторы Гюзаль Байдалинованың меншігіндегі еурооблигациялармен төлемек болған еді, банк мұндай өтемақыдан бас тартты.
Қыркүйек айының 18 жұлдызында, апелляцияның мерзімінің аяқталуына 6 күн қалғанда, баспадан шыққалы тұрған жерінде газет тиражы тәркіленді, ал газеттің меншік иесі мен баспа иесінің жеке шоттарын жауып тастады.
29 қазанда Алматы қалалық сотында газеттің апелляциялық шағымын қарастырған отырыс болды. Нәтижесінде бұдан бұрын шығарылған сот шешімі өз күшінде қалды.
Редакцияның материалдық жағдайы ескерілді ме деген сұраққа сот Марат Максудов: «Бәрі ескерілді, аталған жарияланымдардан келген шығынның деңгейі ескерілді», - деп жауап берді.
БТА-банктің баспасөз хатшысы Әділ Досымов шағымда сұралған сома келесі дәлелге негізделген дейді: «депозиттердің кетімі газет біздің іскерлік беделімізге нұқсан келтірген сәттен басталды». «Бұл жағдайды сот шешімі де рас деп танып отыр» - дейді ол.
Ал газеттің айыппұлды еурооблигациялар арқылы төлемек болғанын Досымов «газеттің өзіне назар аудартпақ болған тағы бір айла-шарғысы» деп атады және банк бұл ұсынысты қабылдай алмайтындығын айтты, себебі, біріншіден банк барлық кредиторларға төлем төлеуді тоқтатып тұр, екіншіден нарықтық бағамен сатып алынған құнды қағаздарды номинал бойынша төлеп, жабу қажет.
Газет қызметкерлері мен БАҚ-ның құқығын қорғаушылар бұл сот ісі Қазақстан билігінің нұсқауымен басталған дейді. Олардың пікірінше, билік өздері тасада тұрып, ірі тәуелсіз ақпарат көзінің аузын жаппақ болған.
Газет редакторының орынбасары Оксана Макушина: «Біз бұл сот ісін саяси негізделген деп санаймыз. Біріншіден, шағымның өзі дұрыс жазылмаған. 6 мен 13 наурыз аралығында депозиттер кетімінің болғанын дәлелдеп, көрсетеді-мыс деген кестеден мамандар, керісінше, дәл сол аралықта депозиттердің кірісін байқады. Соттың барлық шешімі шағым берушінің пайдасын шешілді, ал біздің келтірген дәйектерімізге сот құлақ аспады», - деді IWPR-ға.
Досымов болса БТА-тың қатысы бар сот ісіне саясат араласты деген күдікті жоққа шығарып отыр.
«Біз бұл іске саясаттың араласуына қарсы шықтық, сондықтан бұл жерде мәселе таза журналистік этиканың негізінде жатыр. Редакция саналы түрде банк ісіне араласып, оның іскерлік беделіне нұқсан келтіруде», - деді ол.
Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамбет Ертісбаев Досымовпен келісіп отыр.
«Республика» газеті саяси жүйе үшін ешқандай қауіп төндірмейді. Сондықтан, газетті жабу үшін қандай да бір саяси астардың болуын өз басым көріп тұрған жоқпын. Ал газеттің, әсіресе банк және қаржы дағдарысының тұсында, банк имиджіне нұқсан келтіргені үшін кінәлі болып табылғаны – шындық, оның үстіне бұл банк – жүйе қалыптастырушы банк, ең үлкен тармақты жүйе осы банктің еншісінде, сондықтан бұл жағынан алып қарағанда газеттің іс-әрекеті мемлекетке қарсы, - деді ол.
Осыған қарамастан, Ертісбаев газеттің өз қызметін ары қарай жалғастырғанын қалайтынын айтты.
«Мен басқа қандай да бір газет секілді, «Республика» газетінің жабылғанын қаламас едім. Өз басым мұндай газеттердің көбірек болғанына мүдделімін. Маған бұл газетті оқу, саяси қарсыластарымыздың ниетін білу қызықты, оның үстіне осы газет бетінде менің өз пікірімді білдіруге мүмкіндігім бар», - деді кеңесші.
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева сот әуелі азаматтық іс ретінде басталды да, кейін жағдай өзгеріп кетті дейді.
«Шешім заңды күшіне енді енейін деп тұрғанда, газетке баспа арқылы шығуына мүмкіндік берілмеуі, банктің айыппұлды төлеу үшін ұсынылған өзінің құнды қағаздарынан бас тартуы – аталған іске саясат араласты деген күдікті ойға жетелейді», - деді ол.
«Банк қызметкерлері ешқандай саяси негіз жоқ деп қанша жерден нықтаса да, жағдай газетті құртуға саяси тапсырыстың берілгенін айқындап тұр», - деп қосты ол өз сөзіне.
Қазақстан журналистері Одағының басшысы Сейітқазы Матаев банк шағымын қарапайым шағым істі шешу деп санамайды.
«Сот процесіне, саяси тапсырыс болды ма деген мәселелерге келер болсақ, тек бір нәрсе айта аламын – бұл билік. Себебі газеттің ұстанымдары оған жақпайды. Қазақстан нарығында оппозициялық газеттер бір пайыздан да аз, бірақ «Республика», «Тасжарған» секілді газеттердің орны бөлек», - деді ол.
Ақпанда «Әділ сөз» Қоры «Тасжарған» газетін жала жапты деген айып бойынша 25 мың доллар айыппұл төлеуге міндеттегенін хабарлаған еді.
Калеева «Республика» - медиакеңістіктегі маңызды басылым деген пікірге келіседі.
«Бізде мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарға қатты, негізі бар сын айта алатын, тәуелсіз газеттер санаулы. «Тасжарған» мен «Республикадан» кейін жоқ десе де болады», - деді ол.
Ал «Республика» және оның қызметкерлері бшағымға сыни мақалалар себепші болғанына сенімді, олар газеттің болашақта шығып тұруы үшін бәріне баруға дайын.