Қазақстан: жеке өмір құпиясы туралы жаңа заң сөз бостандығына деген қысымды күшейте түсуі мүмкін

Қазақстан: жеке өмір құпиясы туралы жаңа заң сөз бостандығына деген қысымды күшейте түсуі мүмкін

Wednesday, 23 December, 2009
БАҚ-ның құқығын қорғап жүрген құқыққорғаушылардың сөзіне қарағанда, Қазақстандағы жаңа заң журналистер үшін елеулі шектеулер қояды, нәтижесінде қоғам қайраткерлеріне байланысты ақпарат алу мүмкін емес болады.

11 қараша күні парламенттің төменгі палатасы азаматтардың жеке өмір құпиясы туралы заңға түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын қабылдады. Бұл өзгертулер жеке салым құпиясы, телефонмен сөйлесу және пошта арқылы хабар алмасу құпиясы секілді жеке өмір салаларын көлденең килігулерден қорғау мақсатында енгізілді. Сонымен қатар, аталған заң бұзылған жағдайда қатаң жазаға тарту туралы да түзетулер қарастырылды

Бұдан кейін заң жобасы парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатқа өтеді, Сенаттың қарауынан соң, соңғы кезең – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойылуына жіберіледі.

Бұл өзгертулердің кейбірі, мәселен, тергеушінің телефон арқылы болған әңгімелерді тыңдау барысында алынған мәлімет-фактілерді пайдаланғаны немесе бұрмалағаны үшін жауапқа тартылуы, құқыққорғаушылардың оң көзқарасына ие болды.

4 қараша күні осы заң жобасының парламенттегі бірінші тыңдалымында әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаев жазаның ең ауыр түрі жеке өмір құпиясы ақпараттың жалпақ жұртқа таралуы арқылы (оның шінде БАҚ да бар) бұзылған жағдайда қолданылатынын мәлімдеді.

Белгілі медиа сала белсенділері, «Журналистер одағының» басшысы Сейітқазы Матаев пен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева заң жобасына қарсы шығып, жеке өмір құқығын қорғау шаралары ақпаратқа қол жеткізудің негізгі құқығына деген кепілдікпен қатар жүріп отыруы қажет деп мәлімдеді.

28 қазан күні Матаев пен Калееваның біріккен мәлімдемесінде заңның журналистердің ел алдында жүрген қайраткерлер туралы жазу құқығын сақтау керектігін және жала жабу айыбына байланысты қылмыстық жауапкершіліке тартуды алып тастау қажеттігін атап көрсетті.

Матаев пен Калееваның үлкен наразылығына ұшыраған заң тұсы адамның жеке өмір құпиясы жайлы ақпаратты ақпарат таратушыны БАҚ арқылы жариялауына байланысты бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы болды.

IWPR-ға берген сұхбатында Калеева бұл заңның шын мәнісінде журналистердің қызметін шектеуге бағытталғанын айтады.

«Заң қарапайым азаматтарды қорғауға емес, қоғамнан жасырары бар шенеуніктердің мүддесі үшін жұмыс істейді. Ал өздерінің кәсіби міндетін адал атқарып жүрген, өз ұстанымы бар, талантты журналистер қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - дейді Калеева.

Парламент депутаты, осы заңды қолдап жүрген Владимир Нехорошев заңның негізгі мақсаты «журналистің жүріс-тұрысын ретке келтіру» деп мәлімдеді.

«Журналистің міндеті – қоғамның мүддесі үшін ақпарат жинауда кәсіби табандылық таныта отырып, өзі араласқалы отырған жандардың жеке өміріне деген сыйластық пен аянышты ұмытпауы. Сөз бостандығы осы сөзге деген жауапкершіліксіз болмайды», - дейді депутат.

Заңгер Сергей Уткин Қазақстан Ресейде қабылданған дәл осындай заңды негізге алуы керек деп санайды. Ресей заңында ақпаратты таратуға байланысты жаза ақпарат тек жеке мақсатта пайдаланылса ғана қолданылады. «Журналистерге бұл қағида жүрмейді. Біздің жағдайда бұл заңды не мүлде қабылдамау керек, не Ресей заңына сәйкестендіру қажет», - дейді Уткин.

Сырткөз ретінде өз пікірін білдірген Ресей саяси технологиялар орталығының сарапшысы Сергей Расов аталған заңның қабылдануы Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының тұралап қалатын күйге ұшырайтынына әкеліп соғатынына сенімді.

«Егер Қазақстанда бұл заңды қабылдаса кез келген жағымды не жағымсыз ақпарат жарияланым я телесюжет қаһарманымен келісілуі тиіс болады, - дейді Расов.- Бұлай болмаған жағдайда кез келген шенеунік заңдық негізде журналисті оның жеке шоты, көлігі, бизнесі, әйелінің естен тандырарлық әшекейлері және басқалар туралы жазғаны үшін бас бостандығынан айыру туралы талап ете алады».
Қазақстандық саяси шолушы Айдос Сарым биліктің мұндай қатаң заң жобасын қабылдауға деген құштарлығының ерекше себебі бар дейді.

2007 жылы президент Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев банк қызметкерін ұрлағандығына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін елден қашып кеткен болатын. Сол жылы күзде Интернетте жоғары дәрежедегі қазақ шенеуніктерінің іс жүзінде бірқатар құқықбұзушылықтарды жасағанын мойындайтын әңгімелері жазылған бірнеше аудиожазба пайда болды. Сол кезде елден сыртта жүрген Әлиевке қазақ билігінен кек алу мақсатында осы материалдарды жарыққа шығарды деген айып тағылған еді.

Бұл жазбалардың шынайылығының күмәнді екендігіне қарамастан, Сарымның сөзіне қарағанда, олар президент Назарбаев пен оның айналасындағыларға үлкен зиянын тигізді.

«Міне, сондықтан, болашақта өзін қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін билік осындай ескертпе шаралар қабылдауға барып жатыр», - дейді Сарым.

2009 жыл журналистер үшін аса қолайлы жыл бола қойған жоқ. Парламент мүшесінің жала жапты деген арызының нәтижесінде тәуелсіз «Тасжарған» газеті жабылды, ал БТА банкке жала жапқаны үшін оншақты миллион айып «Республика» газетінің мойнында тұр.

Тамыз айында «Алма-Ата Инфо» газетінің меншік иесі әрі редакторы Рамазан Есергеповке Қазақстанның қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің салық төлеуден жалтару ісіне қатысы бар жергілікті бизнесменнің компаниясына қатысты іс-әрекеттерін газет бетінде жариялағаны үшін мемлекеттік құпияны ашты деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.

Осы жазда парламент интернет-ресурстар үшін сөз бостандығын шектейтін заң қабылдады. Биліктің сөзіне қарағанда, олар мерзімді БАҚ арналған ержелерді Интернет-ресурстарға да қолдану арқылы қылмыспен, араздық тудырушы жайттармен және порнографиямен күресуге тырысады. Медиа белсенділер болса, бұл пікірмен келіспеуде, олардың ойынша билік осы қадам арқылы тәуелсіз жаңалықтар мен сөз бостандығының соңғы тұрағы Интернетті де бір тұқыртып алуды ниет етті.
Frontline Updates
Support local journalists