Қазақстан саясатындағы дінге қатысты қатаң ұстаным

Қазақстан саясатындағы дінге қатысты қатаң ұстаным

A prayer room for Muslims in a shopping mall in Almaty. This kind of facility will be unaffected by the new law. (Photo: Mirlan Telebarisov)
A prayer room for Muslims in a shopping mall in Almaty. This kind of facility will be unaffected by the new law. (Photo: Mirlan Telebarisov)

Қазақстандағы жаңа заң мұсылмандар мен өзге де діни топтарға қатаң шектеулер қояды, ел ішіндегі және сырт елдердегі заңды сынаушылар мұндай жағдайдың жасырын діни белсенділіктің, тіпті экстремистік бағыттың өсуіне әкеліп соғуы мүмкін деп қауіптенуде.

Заңнамаға сәйкестендіруші үшін қажетті өзгертулер енгізілген дін туралы заң ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған соң 25 қазан күні күшіне енді. Заңды қыркүйектің аяғында парламент қабылдаған болатын.

Заңға сәйкес, барлық діни ұйымдар ресми тіркеуден өтуі немесе қайта өтуі тиіс. Ұйымнан оның аудан, облыс немесе ел бойынша орналасуына байланысты мүшелерінің минималды санын көрсету талап етіледі; ал бұған сәйкес шағын ұйымдар тіркеуден өте алмайды. Қайта тіркеуден өтпеген ұйымдар заңсыз деп танылады.

Заң ресми түрде арнайы бекітілген орындардан бөлек жерлерде діни іс-амалдарды жүргізуге тыйым салады, яғни бейформалды түрде ашылған құлшылық үйлері жабылады. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерде, білім және денсаулық сақтау орындарында, әскери бөлімшелерде діни ғұрыптарды жасауға да тыйым салынған.

Тағы бір шектеулер үкіметтің миссионерлерге, діни әдебиетке және, биліктің ойынша, кей жағдайларда діни ұйымға ену үшін берілетін сыйақы болып табылатын қайырымдылық шараларына бақылау жүргізуін күшейтпек.

1992 жылы қабылданған заңнамалық актілердің орнын басқан жаңа заң алғаш рет бұдан үш жыл бұрын ұсынылған болатын, алайда үш рет халықаралық ұйымдар мен жергілікті құқыққорғаушы топтардың сынына ұшырап, кері қайтқан-ды.

Заңнаманың соңғы нұсқасының парламентте шұғыл қабылдануы батыс Қазақстанда болған ислам радикалдығының артуынан қауіптенуге байланысты болуы мүмкін. Шілде айында ол аймақта полиция мен бандиттер деп болжанған топ арасында қақтығыс болған-ды (Оқыңыз: Полиция қызметкерлерін өлтінрді деген күдіктілер жойылды.)

Қыркүйек айында парламенттың бірінші сессиясының ашылуы кезінде сөз сөйлеген президент Назарбаев аталған заң дінге сену еркіндігін шектеуге емес, Қазақстанды экстремистерден қорғауға арналғандығын айтты.

Халықаралық қауымдастық бұл сөзбен келіскен жоқ. Заң жобасы қабылданған соң, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мәлімдеме жасап, ол жерде заңның «дін еркіндігін шамадан тыс шектейтінін» көрсетті.

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқығы бюросының басшысы Янеш Ленарчич аталған заңнама Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекет ретінде мойнына алған міндеттемелеріне сәйкес болуда кері кету деген сенімде.

ЕҚЫҰ-дағы АҚШ миссиясы алаңдаушылығын былай деп түсіндірді: «Үкімет дін және сөз бостандығын шамадан тыс шектеген кезде... ол дінге сенушілерді алыстатып, экстремистерге «қолдау білдіреді».

Норвегиялық Хельсинки комитеті де өз қаупін жеткізді. Комитеттің Бас хатшысы Бьорн Энгесланд «шектеу қойғанда артық кетудің кері нәтижелерге алып келуіне көптеген оқиға мысал бола алады» деп атап көрсетіп кетті.

Алматы Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина заңды парламент қоғамдық талқылау мен қарсылықтан мүмкіндігінше аулақ алып өту үшін тез қабылдады деп санайды.

Заңның Қазақстандағы екі негізгі діни ағымға – сүннеттік ислам мен христиандыққа қатысты екенін айта келе, Фокина діни қызметтің өзге ұйымдасқан формалары тұйықталады, ал ұйымдасқан топтардың жалпы саны 4 500-ден 1 500-ге дейін түседі деді.

«Қайта тіркеуден өту кезінің өзінде-ақ діни азшылықтардың барлығын «тазалап» шығады. Лаңкестік қауіп тұрғысынан емес, идеологиялық [биліктің ойынша] пайдалылық тұрғысынан», - дейді ол.

Фокина діни ағымдар бір ауданның аумағында, болмаса бүкіл ел бойынша тіркелгеніне байланысты түрлі құқыққа ие болады деген өз қаупін білдірді.

«Төменгі деңгейдегі ұйымдар дін қызметкерлерді оқыту, әдебиет шығару секілді қызмет түрлерін жүзеге асыру мүмкіндігіне енді ие емес, бұл тек республикалық деңгейдегі құрылымдарға тән құқық. Егер аудандық діни ұйымның дін қызметкері көрші ауданға барса, онда жаңа заңға сәйкес ол миссионер болып кетеді», - дейді ол.

Ресми түрде рұқсат етілген Қазақстандағы исламдық құрылым үкіметке жақын «басқармадан» тұрады және жаңа заңды қолдайды. Оның баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек жастардың дін тақырыбына қатысты түсініксіз топтарда емес, ресми мешіттерде таным-білім алатынын дұрыс деп санайды.

«Намаз оқу үшін мешіттердің саны онсыз да көп. Көңілі толмағандар болмайды», - деді ол.

Атыраулық «Ақ Жайық» газетінің бас редакторының орынбасары және діни мәселелер бойынша сарапшы Азамат Майтанов бұл пікірмен келіспейді және жаңа заң барлық мұсылмандарды қудалау мен оларға қысым көрсету үшін қолданылуы мүмкін деп санайды. Мысал ретінде ол Атырау қаласындағы мұсылман киімін киген студент қыздардың қудалауға ұшырағаны мен көршілес Ақтөбедегі ислам тобына қатысы бар деген күдікпен орнынан кеткен сотты келтірді.

Майтанов қазір әскерге шақыртылғандар үшін олардың діндарлығының деңгейін анықтау мақсатында арнайы анкетаның дайындалып жатқанын жеткізді.

«Менің есебім бойынша, түзету мекемелерінде қазірдің өзінде-ақ намаз оқуға тыйым салып жатыр, діндар мұсылмандардың тізімі жасалынуда. Атырауда прокуратураның рұқсатымен жергілікті түзету мекемесінің жанындағы мешітті жауып тастады», - дейді ол.

Биліктің дінді зайырлы мемлекеттік мекемелерге жібергісі келмегеніне қарамастан, Азат Еуропа Радиосы/ Азаттық Радиосының қыркүйек айының соңында жариялаған репортажында діндарлық деңгейінің жоғары екендігі көрсетіледі. Репортажда Қазақстанның астанасы Астанада күн сайын 30 мың (немесе одан көп) ер адамның мешітке баратындығы, ал олардың 60-70 пайызының үкімет қызметкерлері екені туралы айтылады.

Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы Мұрат Телібеков заңның өзгерістер әкеле қоятынына күмәнмен қарайды.

«Бұл бюрократиялық синдром. Президентке кешенді шаралар жөнінде есеп беру үшін, оның айналасы осы шараларды ойлап тапты. Ал іс жүзінде өзгеріс бола қоймайды», - деді ол жаңа заң туралы.

Телібековтың ойынша, экстремизмның шынайы себептері экономикалық тұрақсыздыққа байланысты. Дәл қазіргі уақытта елді алаңдатып отырған осы, діни мәселелер емес деп санайды ол.

Алмаз Рысалиев, IWPR-дың Қазақстандағы редакторы.

Frontline Updates
Support local journalists