Қазақстан оппозициясын күшпен тарат та билей бер

Қазақстан билігі жаңадан құрылған жартылай виртуалды «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын қауіпті көріп, оған қарсы репрессиялар қолданып, ескі радикалды емес оппозицияны қайта жандандыру әрекетіне көшті.

Қазақстан оппозициясын күшпен тарат та билей бер

Қазақстан билігі жаңадан құрылған жартылай виртуалды «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын қауіпті көріп, оған қарсы репрессиялар қолданып, ескі радикалды емес оппозицияны қайта жандандыру әрекетіне көшті.

Police detain an opposition activist during recent protests in Kazakstan. (Photo: Inga Imanbay)
Police detain an opposition activist during recent protests in Kazakstan. (Photo: Inga Imanbay)

10 мамыр күні Қазақстанның бірнеше қаласында полиция «ҚДТ» оппозициялық қозғалысы жақтастарының митингісін күшпен таратты. Жария қарсылықтар де-факто тыйым салынған Қазақстан үшін бұл 2018 жылдың ең ірі акциясы болды. Наразылар биліктен саяси тұтқындарды босатып, азаптауларды тоқтатуды талап етті. Дәл осы күні ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық Келісімінің шарттарын, оның ішінде адам құқығын қорғау мәселесі бойынша да, ҚР-ның орындау деңгейін бағалау үшін Астанаға Еуропа парламентінің ресми өкілдері келді. Бұған қарамастан, полиция митингі өткізуге мүмкіндік бермей, күш қолданып, жүздеген адамды ұстады, оның ішінде егде адамдар мен жасөспірімдер де бар еді.

Қазақстандықтарды әлеуметтік желілер арқылы митингіге шығуға шақырған Еуропадан саяси баспана алған оппозициялық саясаткер және олигарх Мұхтар Әблязов еді. Сонымен қатар, ол күштік құрылымдар мен елді 28 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан президент Назарбаевтың ашу-ызасын тудырып отырған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізгі жетекшісі болып табылады.

2018 жылдың 13 наурызында ҚР Бас прокуратурасы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын экстремистік деп таныған Астананың Есіл аудандық сотының шешімін жариялады.

«Интернет желілер мен месенджерлер, сондай-ақ әр түрлі әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы Әбіләзов белсенді түрде қазақстандықтарды қозғалысқа қосылуға шақырады. Қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамда наразылық көңіл-күйлер қалыптастыруда. Осылайша, жоспарлы түрде әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруда», - деп мәлімдеді Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова.

«Наразылық акцияларының бейбітшілігі туралы айтса да, қозғалыс басшысы Мұхтар Әбіләзов пен оның белсенділерінің қылмыстық мақсаты - билікті құлатып, басып алу болып табылады», - дегенді де ол баса айтты.

Алайда, қазіргі ҚДТ – 2001 жылдың аяғы мен 2002 жылдың басында қоғамда серпіліс туғызған нағыз оппозициялық ұйымның виртуалды жалғасы іспеттес. 2001 жылдың 18 қарашасында бір топ жас мемлекет қайраткерлері мен ықпалды кәсіпкерлер қозғалыс құратынын, оның реформалар өткізетінін және режимді заңды түрде өзгертетінін жариялаған еді. Жаңа оппозицияны сол кездегі «Темір банктың» директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязов пен Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов бастады.

2002 жылдың қаңтар айында ҚДТ қозғалысы Әблязов пен Жақиянов басқаратын радикалды болып және жұмсақ бағыттағы ұйым ретінде екіге бөлінді, ал 2002 жылдың көктемінде радикалды бөлімнің екі жетекшісі де тұтқындалып, жалған айып бойынша 6 және 7 жылға бас бостандығынан айрылды.

2004 жылдың 11 желтоқсанында ҚДТ-ның радикалды бағыты осы атпен партия құратынын жариялап, оның төрағасы ретінде саяси тұтқын Жақияновты сайлады.

Партия сол бойы тіркелген жоқ, ал 2005 жылдың 6 қаңтарында оны «саяси экстремизм» мен «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен прокуратураның арызы бойынша жауып тынды. Бұған партияның парламент сайлауындағы жаппай бұрмалаушылықтарға қарсы халықты «азаматтық наразылық іс шараларына» шақыруы себеп болды. Одан кейін партия белсенділері ребрендинг жүргізіп, «Алға!» Халықтық партиясын» құрды. Ол да ресми тіркеуден өткізілмей, жартылай легалды формада Жаңаөзен мен Шетпе оқиғалары болған 2011 жылдың желтоқсанына дейін қызмет атқарды.

«Алға» партиясы Қазақстанда бұрын соңды болып көрмеген, бір жылға жуық жалғасқан елдің батысындағы мұнайшылар ереуіліне ақпараттық және моральдық қолдау көрсетті. Бірақ 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні – мұнайшылар ереуілдеп жатқан Жаңаөзен алаңында жаппай тәртіпсіздіктер қолдан ұйымдастырылып, полиция бейбіт халыққа оқ атып, ресми түрде 17, ал бейресми мәліметтерге қарағанда 70-ке жуық адамды қырып салды. Дәл сол күні полиция Шетпе станциясында да ереуілшілерге қарсы оқ атты. Билік ресми түрде бұл оқиғаларға жауапкершілікті тіркелмеген «Алға» партиясына жүктеп, оның жетекшісі Владимир Козловты 7,5 жылға соттап, ал ұйымның өзін екінші рет 2012 жылдың 21 желтоқсанында экстремистік деп таныды.

Бұл уақытқа дейін тіркелмеген партияны Мұхтар Әблязов тасада тұрып қаржыландырды. Президент кешірімінен соң бостандыққа шыққан ол БТА банкінің төрағасы қызметіне жайғасты. Алайда, 2009 жылы ол 5 миллиард долларды жымқырды деген айыпқа ілініп, елден бас сауғалап, Ұлыбританияға қоныс аударды. Шетелден Әблязов президент Назарбаевқа ашық қарсы шығып, өзінің президенттік амбициясын байқатты. 2017 жылдың 20 сәуірінде Қазақстанда сырттай 20 жылға сотталған Мұқтар Әблязов «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын қайта жандандыратынын жариялап, әлеуметтік желілерде топтар құрды.

Бұл уақытта елде бірде бір тіркелген я тіркелмеген оппозициялық құрылым қалған жоқ еді. 3 ресми оппозициялық партия деп аталатын ұйымдар өздерінің саяси амбициясын білдірмейді және көбінесе қазіргі биліктің жағында әрекет етеді.

2015 жылдың 4 тамызында қатары сирек Қазақстанның Коммунистік партиясы жабылды. Оны қатарындағы мүшелерінің нақты саны қағазда көрсетілгенмен сәйкес емес деп айыптады.

Жаңаөзен оқиғаларынан кейін жан жақта бытырап жүрген «солшылдарды» біріктіретін тіркелмеген Қазақстанның социалистік қозғалысы жетекшісі Айнұр Құрманов та елден кетуге мәжбүр болды. Оның кетісімен ҚСҚ ұйым ретінде жұмысын тоқтатты.

Қазіргі таңда елде президентті ашық сынайтын бірде бір құрылым қалмағандықтан, мемлекеттің бар күші ҚДТ белсенділігімен байланысты барлық әрекеттерді тоқтатуға жұмсалуда.

«Қанат тартысып жатқандай. Мұқтар Әблязов тым құрығанда Батыстың алдында оппозиционер рөлін сомдауда. Осы мақсатта жүйелі түрде интернетте түрлі ақпарат таратады. Билік те бұған жауап беруге мәжбүр, себебі, біріншіден, Әблязов пен ҚДТ олардың қитығына тиеді, екіншіден, оның айыптарын жауапсыз қалдыру – өзінің әлсіздігін таныту деп біледі», - деді бұрын «Алға!» партиясының аппаратында қызмет еткен саяси техонолог Данила Бектұрғанов.

Санаулы күндердің ішінде «Қазақстанның демократиялық таңдауы» тобы қатысушыларының саны Telegram желісінде он есеге өсіп, бұл мессенджердегі ең үлкен топқа айналды. Азаматтардың тыйым салынған топтарға қатысуын азайту үшін бүкіл елде әр кеш сайын Telegram мессенджеріне кіру шектеледі, сонымен қатар  Facebook пен YouTube платформаларының жұмысы Мұқтар Әблязов тікелей эфирге шығатын уақытта тоқтайды. Бұған дейін ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстанда бұл желілерге кіру шектеліп тұратынын, бұған «Қазақстанның Демократиялық Таңдауы» қозғалысының экстремистік материалдарын өшіру жұмыстары» себеп болып отырғанын айтты.

ҚДТ –ның қоғамға ықпалымен күрес оффлайнда да қатар жүргізілуде.

Жаңа ҚДТ экстремистік деп танылған күні полиция елдің әр аймағында оның белсенділеріне қарсы да іс қозғалғанын мәлімдеді. Дәл сол күні полиция Алматыда Әблязов идеяларына интернетте қолдау білдіріп жүрген үш белсендінің үйін тінтіп, оларды тұтқынға алды. Бүкіл ел бойынша полиция мен прокуратураға азаматтық белсенділерді шақырып, оларға ұйымды интернетте қолдаудың қандай да формасы экстремизмді қолдау болып табылатынын ескертті. Сонымен бірге, күштік құрылымдар ұйымды экстремистік деп таныған сот шешімін көрсетуден бас тартады.

Қазақстан халықаралық адам құқығы бюросының сот шешімін жариялау туралы сұрауына, Есіл аудандық соты мынадай жауап жолдады: «соттардың интернет ресурстарында ашық режимде шетелдік немесе халықаралық ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану бойынша арыздар негізіндегі істердің сот актілері мен протоколдары жарияланбайды».

Бәлкім, 8-10 сәуірде Брюсселде ескі, бірақ белсенді емес билік қарсыластары мен  бірқатар жаңа тұлғалардың басын қосқан «Жаңа Қазақстан» атты қазақстандық оппозицияның форумы кездейсоқ өтпеген болар. Іс шараның басты кейіпкері бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин болды. 1998 жылы биліктен кеткен соң ол 2002 жылға дейін қызмет еткен РНПК партиясын – елдің алғашқы салмақты оппозициялық ұйымын құрды. Оның өзі эмиграцияда өмір сүреді, басқа саясаткерлер сияқты ол да түсініксіз айыптармен сырттай 10 жылға сотталды. Қазақстан билігінің оппозицияшыл белсенділерге елден шығып кетуге кедергі келтірмеуін және Брюссельден келген соң тергеудің астына алмауын бірқатар сарапшылар бұл іс-шараның Ақордамен келісіп жасалғанымен, осылайша Әблязовқа қарсы тұруға тырысумен түсіндіреді.    

РНПК партиясымен ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген журналист Сергей Дуванов «Жаңа Қазақстанның» құрылуын – «оппозицияның автономды жобасы» деп түсіндіреді.

«ҚДТ нақты түрде режимді өзгертеміз деп жариялады. «Жаңа Қазақстан» ұйымы формалды түрде демократиялық бағыт ұстанып, тек қана Назарбаев билігінің аяғын күтіп, содан кейін ғана өзгерістер жасауға талпынатынын белгіледі. Яғни бұл «күтушілердің» партиясы деп атауға болады», - дейді Дуванов.

Бірақ, елде ресми тіркелген оппозиция құрылымдары болмаса да және қарсылықтың қандай да түріне тыйым салынса да, қоғамда түрлі формада білінетін наразылық деңгейі өте жоғары. 2016 жылы елде шетелдіктерге жерді сатып алуға мүмкіндік беретін заңға қарсы жер митингілері өтті. Бұдан кейін қарсылықты ұйымдастырған екі белсенді 5 жылға сотталды, бірақ президент жер заңына мораторий жариялады.

Тура сол жылы елде ондаған жария түрде өз-өзіне қол жұмсау және қол жұмсауға ұмтылу оқиғалары орын алды. Адамдар осылайша қарсылығын білдіріп, өз өзін өртеді немесе өмірімен қош айтысудың басқа амалдарын жасады.

«Өткен жылы қайтадан құрылған ҚДТ-ға қарсы биыл «Жаңа Қазақстан» ұйымының ашылуынан қарама-қайшылық көріп отырған жоқпын. Оның үстіне бізде көптеген адамдар билікке наразы және сыни қарайды, - дейді қазақстандық оппозициялық және қоғамдық қозғалыстардың тарихшысы Андрей Свиридов. – Ондай наразылар ҚДТ-ның да, «Жаңа Қазақстанның» да құрамын толықтыра алады. Алайда, ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп таныған соң көпшілік бұл ұйымды жария қолдауға үрейленеді, сондықтан олар «Жаңа Қазақстан» ұйымына баруы мүмкін».

Бірақ, бір президенттің билеп-төстеуінен шаршаған адамдардың аз болмауына қарамастан бұрынғының сабағын еске алсақ, Қазақстан оппозицияның болашағы бұлыңғыр болып көрінеді

Андрей Гришин –IWPR тренингтеріне қатысқан алматылық құқық қорғаушы және журналист.

This publication was prepared under the "Giving Voice, Driving Change - from the Borderland to the Steppes Project" implemented with the financial support of the Foreign Ministry of Norway.

Frontline Updates
Support local journalists