Вячеслав Абрамов: Қазақстан өзінің реформаланғанын көрсететін ештеңе жасаған жоқ

Вячеслав Абрамов: Қазақстан өзінің реформаланғанын көрсететін ештеңе жасаған жоқ

Monday, 11 January, 2010
2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық қызметіне кіріседі. 2007 жылы Мадридте сыртқы істер министрі Марат Тәжин елдің атынан қайта түлеу мен демократиялық бағыттағы кемшіліктерді жою мәселелеріне арналған міндеттемелерді атап көрсетті. Қазақстан өз міндеттерін орындады ма, ЕҚЫҰ-на төраға-мемлекетте адам құқығы қаншалықты сақталады, қайта түлеу қалай жүруде – осы мәселелер бойынша MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры, «Голос Свободы Центральной Азии» құқыққорғау порталының бас редакторы Вячеслав Абрамов әңгімелейді.



IWPR: Сіз тұрақты түрде Қазақстандағы адам құқығы тақырыбын назарда ұстайсыз. Елдегі ең өзекті деген адам құқығы қайсысы?



Абрамов: Бұл – ең әуелі саяси құқық пен азаматтық еркіндікті жүзеге асыруға байланысты мәселелер. Мәдени және экономикалық мәселелерге де қатысты бірқатар кемшіліктер бар. Егер ең бір түйткілді мәселерге тоқталатын болсақ, мен сөз бостандығына байланысты құқықтық, бейбіт жиындар мен бірігу құқығын, қорлау, күш көрсетуден азат болу құқығын жүзеге асыруды атап көрсетер едім.



Менің ойымша, елде толыққанды демократия жайында, пікір алуандығы жайында, азаматтардың еркін таңдау құқығы жайында (не болған күнде де) әңгіме болмаса ең әуелі соққыға саяси құқық ұшырайды.



Қазақстан күннен-күнге «адам құқығы», «демократия» деген түсініктер салыстырмалы түрде ғана қабылданатын классикалық авторитарлық мемлекетке айналып бара жатқан секілді. Бұл түсініктер жақсы көз алдау болуы мүмкін. Бірақ, жалпы елде пікір бостандығы, оны білдіру, жиылу, қозғалу бостандығы ұстанымы сақталып отыр деп айтуға болмайды.



IWPR: Негізгі мәселелердің ішінде Сіз жиі бұзылатын құқықтардың бірі – қорлау, күш көрсетуден азат болу құқығын атап көрсетіп кеттіңіз. Біздің елде мұндай құқықбұзушылық қаншалықты жиі кездеседі? Қандай да бір мысалдар келтіре аласыз ба?



Абрамов: Қазақстан әлемдік тәжірибеден тыс қалып отырған жоқ. Бірде-бір мемлекетте күш көрсету, қорлау толығымен жойылды деп айтуға болмайды. Шын мәнінде, Қазақстанда, құқыққорғаушылар жинақтап отырған, қорлау фактілері болды-ау деген мысалдарды көптеп келтіруге болады. Алайда, ең бастысы – құқыққорғаушыларда мұндай фактілерді табу мүмкіндігінің жоқтығы.



Күш көрсету, қорлау тәсілдері бізде көбінесе полицияда, тергеу кезінде, күдіктіге қылмысты жасағандығын мойындату мақсатында қолданылады.



Нәтижесі көзге көрінерлік зерттеулер болды. Қазақстан ІІМ-нің академиясында бірінші курс студенттерінің басым көпшілігі күш көрсету – қылмыс, ал адамды қинауға болмайды деп көрсеткен. Ал төртінші курста сол академияның студенттері күш көрсетуге, қинауға болады деген. Олар тәжірибеден өтеді, полицейлердің қалай жұмыс істейтіндігін көреді және салмағы 800 грамм болатын қылмыстық кодекске түсініктемелер жинағымен адамның басынан ұру – күш көрсету емес деп түсінеді. Ал оларға мұның да адамды қорлаудың бір түрі екендігін түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Денсаулыққа келтірілген азғантай нұқсанның өзін қаталдық деп санау қажет.



IWPR: Бұл жағдайдан шығар жол бар ма? Мұндай дүние қайдан шығып жатыр?



Абрамов: Ең басты себеп – құқықбұзушылардың жазаға тартылмауы. Құқық қорғау органдарының күш көрсету, қинау бабы бойынша жауапқа тартылғандары аз. Жай ғана аз емес, өте аз. Ал күш көрсету фактілерінің орын алуы мойындалған. Кейбір құрылымдарда мұндай жағдай тек орын алып қана қоймай, кең етек жайған.



БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті өз ұсыныстарын белгіледі, оларды арасында «азаптауды жоғары деңгейде жазалау» - «азаптауға мүлде шыдамдылық танытпау» секілді ұсыныстар бар. Мысалы ел президенті азаптауға жол берілмейді деп мәлімдейді. Бұл саяси мәлімдеме құқыққорғау органдарының әрбір қызметкеріне, азаптауға қатысы бар әр азаматқа жетуі қажет. Ал, Қазақстан азаптауға «шыдамдылық танытып» жатыр. Осы тақілеттес мәлімдеме жасаған ең жоғарғы орындағы шенеунік, ол – Жоғарғы Соттың төрағасы.



Қазақстандағы сот азапатауға байланысты шағымдарға мән бермейді. Яғни олар зерттеуге жол бермейді. Соттар «азапталдық» деген мазмұнда жазылған арыздарды қаперлеріне ілмейді. Бұл жерде «корпоративті қарым-қатынас» ұстанымы бар деуге де болар, яғни өз адамдарын өздері қорғайды. Дәл осындай жағдай Қазақстанда қазір орын алып отыр.



Қазіргі уақытта балалар үйлерінен, қарттар үйлерінен хабарлар келіп түсіп жатыр. 2007, жылдары Media Net, адам құқықтары бойынша Қазақстандық Халықаралық бюро, Freedom House және басқа да бірқатар ұйымдар «Орта Азиядағы азаптаудың алдын алу» жобасын жүзеге асырды. Қазақстанда осы жобаның аясында 600-ден астам азаптауға, қорлауға байланысты шағым келіп түсті. Ал бұл құқыққорғаушылардың қолына келіп түскен мәлімет қана – «айсбергтің шыңы» ғана. Ал шын мәнінде не болып жатыр, ол – белгісіз.



Қараша айында адам құқықтары бойынша Еуропалық со Қазақстанды азаптау жүйелік түрге ие болған ел деп таныды. Бұл ұйым Украинаға Киевте алты жыл шамасында күзет астында отырған Қазақстан азаматын еліне қайтаруға тыйым салды. Мұндай қадам біздің елдегі ұсталғандардың азапталатыны анықталғанына байланысты туындады. Яғни, азаматтарды олардың өз елінен құтқарып отыр ғой. Және бұл жағдайда дұрыс жасап отыр. Еуропалық сотқа үлкен алғыс білдіруге болады, бұл – елдің азаптаудың алдын-алуда мардымсыз жұмыс жасап отырғанын мойындау.



IWPR: Жовтис ісі, Жәкішев ісі. Бұлар елдің сыртқы беделіне қалай әсер етуде?



Абрамов: Менің ойымша, мұндай істер ел беделіне үлкеен нұқсан келтіреді. Бұл жерде мемлекеттің адамдарды темір тордың ар жағына жіберуге деген үлкен «ықыласы» байқалып қалды. Ал Жәкішевтің жағдайында тіпті адамды жойып жіберуге де баруы мүмкін. Мұндай істер мемлекеттің жұртпен есеп айрысуын дәлелдейтіндей. Жовтис ісіне келер болсақ, бұл жерде мәселе оның кінәлі, я болмаса, кінәсіз еместігінде. Мәселе тергеу мен соттың бұзуға болатын нормалардың бәрін бұзғанында. Мәселе ресми түрде оқылған шешімге артынан қосымша 659 сөздің қосылғандығында. Евгений Жовтисті қаза тапқан жанның туыстары кешіріп, татуласқаны да назарға ілінбеді.



Ал мұны көріп отырған елдің іші-сыртындағы «ақылы бар» адамдар еріксіз сұрғылт ойларға қалады. Және мемлекет тарапынан мұндай заң бұзушылықтар болып жатқан кезде, шындыққа қол жеткізу емес, есеп айрысуға деген ұмтылыс жайында айтуға болады.



IWPR: Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына қаншалықты лайық?



Абрамов: Маған бұл сұраққа жауап беру қиын, себебі, мен ЕҚЫҰ-на төрағалық ету Батыс пен Шығыстың арасында болған үлкен сауданың нысаны болғанын түсінемін. Қазақстан тек дұрыс жерде, қажет уақытта бола білді.



Қазақстан Орта Азияда көшбасшы болу мақсатында үлкен істер атқарды, біз экономикада үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Бірақ, адам құқығы, демократияға келсек, Қазақстанға бұл салаларда әзірге мақтана қоярлық ештеңеге қол жеткізе қойған жоқ. Осынша заң, құқық бұзушылықтарға жол беріп отырған елді үлгі тұту жайында айтуға болмайды.



IWPR: 2007 жылы сол кездегі Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин Мадридтегі ЕҚЫҰ-ның министрлік кездесуінде Қазақстандағы құқық жүйесін қайта түлету жолындағы міндеттемелер мен жоспарлары жайлы айтып берген еді. Сол уәде, міндеттер қаншалықты орындалды?



Абрамов: Осы жылы спикер Қасымжомарт Тоқаев Қазақстан ешқандай міндеттемелер берген жоқ, ол тек біздің елдің қоғамды демократияландырудағы ұмтылысымызды белгілейтін министрдің сөзі деп мәлімдеді. Сәйкесінше, Қазақстаннан осы мәселеге байланысты қандай да бір дүние сұрау қиын.



Менің ойымша, бұл міндеттемелер бір мысқалға да орындалған жоқ. Міндеттемелерде көрсетілген сайлау туралы, партиялар туралы, БАҚ туралы және жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдарға азғантай ғана өзгерістер енгізілді, бұл өзгертулер осы салалардағы жағдайға еш ықпалын тигізген жоқ.



Мысалы, егер бұрын, саяси партияны тіркеуге алу үшін 50 000 адамның қолы керек болса, қазір бұл сан 40 000-ға түсті. 16 млн. адамы бар елде бұл – үлкен көрсеткіш. Ал, бірақ партия құру ісі қиындап кетті. БАҚ-мен де осындай жағдай, жеке өмір құпиясын бұзғандығы үшін бесжылдық қылмыстық жауапкершілке тарту жазасы қабылданып жатыр. Немесе, цензураның қабылданғанымен бірдей Интернет туралы заң қабылданды.



Қазақстан өзінің реформаланғанын көрсететін ештеңе жасаған жоқ. Менің ойымша, бұл ЕҚЫҰ-ның Қазақстан нақты реформалар жүргізбеген жағдайда не болатынын атап-атап көрсетпегендігінен болып отыр. Бірпартиялы мемлекетке ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне рұқсат беруінің өзі біраз ойға жетелейді. Мысалы, Қазақстан ештеңені өзгертпеді, себебі өзіне көп мүмкіндік берілетінін түсінді.



Менің ойымша, Қазақстан ешқандай реформа жүргізбейді, ал ЕҚЫҰ-ның өзі біздің елдің төрағалығынан ештеңе жоғалтпайды да, ештеңе таппайды да.

Frontline Updates
Support local journalists