Қазақстан: билік қытайларға риза. Халық ше?

Соңғы айда Қазақстанда елде жүрген қытайлардың қатысуымен үш оқиға болды.

Қазақстан: билік қытайларға риза. Халық ше?

Соңғы айда Қазақстанда елде жүрген қытайлардың қатысуымен үш оқиға болды.

Kazakstan's President Nursultan Nazarbayev (L) shakes hand with Chinese President Xi Jinping during a signing ceremony on June 7, 2018, Beijing, China. (Photo: Greg Baker-Pool/Getty Images)
Kazakstan's President Nursultan Nazarbayev (L) shakes hand with Chinese President Xi Jinping during a signing ceremony on June 7, 2018, Beijing, China. (Photo: Greg Baker-Pool/Getty Images)

Ешкім зардап шекпесе де, жағдай ары қарай тек ушыға түседі деген қауіп бар, себебі қоғамдағы антиқытайлық ұстаным айқын. Алайда, мұның барлығы неліктен болып отырғандығын түсіну қиын, қауіп тудыратыны – көршілес елдің Қазақстанға қатысы болуына қарсы шыққан жастар.

Маусымның 22-нде елдегі ең ірі мегаполис Алматының түбінде орналасқан Талғарда озбыр топ үйлену тойы болып жатқан жерде лаң салды. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы түрлі өңірлерден жиналған жас жігіттер қазақ қызының Қытай азаматымен тұрмыс құруына жол бермеу мақсатымен біріккен. Мерекелік жиынды болдырмау олардың қолынан келді, себебі ресторан басшылығы жастардың қоқан-лоққысынан қорқып, тойды өткізуден бас тартқан, басқа ресторандар да тәуекелге басын тікпеуді ұйғарып, тойды өткізбеді. Ақыр аяғында үйленушілер салтанатты кешін ешкім білмейтін құпия жерде өткізуге мәжбүр болды.

Шілденің 1-інде елдің оңтүстігіндегі Шымкент қаласында орналасқан аты аталмайтын қазақ-қытай біріккен кәсіпорнының аумағына жүзге жуық адам баса-көктеп кіріп келген. Видеокадрлардан ер адамдардың сондағы жатақханада тұратын қытай жұмыскерлерін сапқа тізіп қойып, сөзбен келеке етіп, кемсіткен соң, бір тәулік ішінде Қазақстаннан кетіңдер деген ультиматум қойғанын көруге болады. Сол түні Сарыөзек (Алматы облысы) станциясында қазақ-қытай біріккен кәсіпорны – цемент шығаратын зауыттың қытай тіліндегі баннерлері мен жарнама шүберектері жұлып алынған.

Қазақстан билігі ұлттар арасындағы татулық мәселесінде өте сезімтал болғанымен, дәл осы оқиғалардың ешқайсының нәтижесінде ұйымдастырушы топтардан әлдекімнің жауапқа тартылғандығы жайлы хабарланбады. Қазақстанда бұдан бұрын да жергілікті халық пен қытайлық азаматтар арасында дау-жандал туындап тұратын, зардап шеккендер ауруханаға түсетін.

Маусымның 7 мен 8-нде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда председатель Си Цзиньпинмен кездесті. Сапар барысында тоғыз құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, Қытай тарабы Қазақстанға жолдарды қайта құру үшін 727 млн АҚШ доллары көлеміндегі тағы бір несие беру ниеті бар екендігін танытты. Соңыра ҚХР-да Қазақстан мен Қытайдың бірлескен Eurasian Nurly (Bright) Investment Fund қорын құру туралы келісімге қол қойылды – бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық қорының баспасөз қызметі хабарлады.

«Осы уақыт ішінде (2012 жылдан бастап – редакция еск.) біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екі жақты 127 құжатқа қол қойдық, – деп, Назарбаевтың баспасөз қызметі оның Қытай көшбасшысымен кездесуіндегі сөзін келтірді. –Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығымыз нығая түсті».

Дегенмен, ресми сапардың басқа да нәтижелері болды. Оның келері алдында қытайлық тарап 12 қазақстандықтың 9–ын – этникалық қазақтарды босатқан еді. Бұл азаматтар кезінде қоныс аудару бағдарламасы аясында тарихи отанына оралып, бірақ түрлі мақсаттарымен – бизнес, туысқандарына барып қайту немесе құжат алу проблемасы себебінен қайтып Қытайға келген. Олардың барлығы ішкі жағдайы түрме колонияларына қатты ұқсайтын саяси тәрбиелеу орталықтарына аттандырылған.

Этникалық қазақтардың Қытайда осындай орталықтарға тоғытылып жатқандығы туралы алғашқы мәліметтер өткен жылдың соңында айтыла бастаған еді. Free Asia радиосының хабарлауынша, қазіргі уақытта бұл орталықтарда 120 мыңға жуық этникалық ұйғыр жабылған. Алайда өткен жылдан бастап онда қазақтар мен қырғыздарды да қамай бастаған. Нақты деректер жоқ, бірақ Азаттық радиосына (RFE/RL Қазақ қызметі) берген сұхбатында осындай орталықтардың бірінен босап шыққан этникалық қазақ Қайрат Самарқан онда өзіндей 5700 адам бар екендігін айтты. Олардың үш мыңынан астамы – қазақтар. Оның сөзінше, Шыңжаң–Ұйғыр автономиялық аумағында мұндай мекемелердің саны ондап саналады.

Қазақстанның өзінде шетелдегі оралмандарға көмек көрсететін ұйымдардың белсенділері бірқатар пресс–конференциялар мен шағын наразылық акцияларын өткізген. Нәтижесінде ҚР Сыртқы істер министрлігі ҚХР СІМ–іне 2018 жылдың 18 ақпанында Қытайда тұратын этникалық қазақтар мәселесіне қатысты наразылық нотасын жіберді.

Қытайдағы қазақтар проблемасымен қосарласқан жаңа бірлескен жобалар мен несиелер туралы жаңалықтар қоғамда кереғар түсінік тудыруда. Онымен қоса, Қытайдың Қазақстанға жалпы сомасы 26 миллиард АҚШ долларына тартатын 51 өндірісін көшіру туралы жоспары тіптен қарама–қайшы ой–талқыларға жетелейді. Қазақстандықтардың көбінің ойынша, ҚХР өз елінде қоршаған ортаға зиян тигізіп отырған кәсіпорындарын көшіріп құтылмақшы.

Xinhua агенттігіне берген сұхбатында президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдан бері Қытай Қазақстанға 16 миллиард АҚШ долларындай инвестиция құйғандығын мәлім етті. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1200–ге жуық қытай және Қытаймен бірлесе ашылған кәсіпорындар жұмыс істейді.

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың келтірген деректеріне сәйкес, Қазақстанның Қытайға қарызы 12,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Қытайтанушы, ҚР–дың ҚХР–дағы алғашқы елшісі Мұрат Әуезовтің айтуынша, «жастардың жасап отырғаны іргелі проблемаларды шешуге ықпалы болмайды, ал елдеріміздің арасындағы күрмеуі шешілмеген мәселе жетеді: трансшекаралық өзендер мәселесінде жеңіліп тұрмыз, даулы жер аумақтары бар дегендей, тағы басқалары. Қытайға берешегіміздің неліктен соншалықты зор екендігі түсініксіз».

Қытай туралы айтар болсақ, Қазақстан мен Орталық Азия бағытында оның сыртқы саясатының геостратегиялық бағдарын бақылай аламыз. Қазақстанда жол салынуда, мұнай және газ құбырлары жүргізіліп жатыр, осының барлығы түптеп келгенде Қазақстан жеріндегі қытай компоненттерін заңдастыруға алып келе жатқан сияқты. Айталық, Қытайдың «бір белдеу – бір жол» деген тезисі. Бір белдеуі түсінікті, Еуразия кеңістігіндегі Жібек жолы аумағы дегенді меңзейдң, ал бір жол дегенін қалай топшыласақ болады? Қытайды зерттеу мәселесімен ұзақ жылдар бойына айналысқан адам ретінде мен мұны жолда кезіккеннің барлығын қытай моделінің ережелеріне бағындыру деп түсінемін. – Мұрат Әуезов, қытайтанушы ҚР Қытайдағы алғашқы елшісі.

2016 жылдың көктемінде Қазақстан бойынша Жер кодексіне шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерді сатып алуына рұқсат беретін жаңа нормаларға қарсылық білдірген акциялар болып өтті. Оның алдында, 2016 жылдың 30 наурызында ҚР ұлттық экономиканың сол кездегі министрі Ерболат Досаев 1,7 миллион гектар жердің аукцион арқылы сатылымға қойылатынын мәлімдеген еді. Халықтың көпшілігі жаңа ережелер – қытайлық ауылшаруашылық өндірушілеріне ыңғайластырып жасап отырған шара деп ұқты. Соңғы акцияларды полиция аясыз басып–жаншып тастағанына, ал наразылық ұйымдастыруға бастамашы болған екеу – қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аяновты бес жылға бас бостандығынан айырғанына қарамастан, Назарбаев жер кодексіне өзгеріс енгізуге мораторий жариялады.

2012 және 2015 жылдары Атырауда (Қазақстанның батысы) және Аягөз ауданында (Қазақстанның шығысы) бірлескен кәсіпорындарда ісейтін қазақ және қытай жұмыскерлері қақтығыстар ұйымдастырды. Ондаған адам ауруханаға жеткізілді, басым бөлігі Қытай азаматтары еді. Жанжалдың ресми себебі тұрмыстық дау деп айтылғанымен, көптеген бірлескен кәсіпорындарда қазақ жұмыскерлері алалаушылыққа, жалақыларының және жұмыс жағдайының теңсіздігіне шағымданып келеді. Сонымен қатар, кейбір өндірістерде қазақ жұмыскерлерін ҚХР әнұранын айтуға мәжбүрлейді деп те айтылды.

Құқық қорғаушы және азаматтық белсенді Ерлан Қалиевтің пікірінше, қазақстандық қоғамда Қытайдың экономикалық экспансиясына қатысты проблемалар мен шындыққа жанасатын қауіптер баршылық.

«Қалай дегенмен, қазір ақпараттық арандату болып жатыр, оның қандай да бір жүйелі сипаты жоқ, негізінен жағдайға қарай күшейеді. Жер митингілері  ұйымдастырылған 2016 жылдан бері біраз уақыт болды, тыныштық орнап тұр. Бірақ диаграмма құрып қарасақ, әлдебір жаңалықтар қарсаңында ушығу байқалады. Осыған сүйене отырып, бұл процестерді әлдекім басқарады, арандатудың жасалуы тегіннен емес деген әсер туады», – дейді Қалиев.

Қалиев соңғы қақтығыстар өтпей қалған екі митингінің қарсаңында болғанына назар аударады. Оларды әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастыруға әрекет еткен – Ақорданың эмиграциядағы басты қарсыласы Мұхтар Әбілазов. 2018 жылдың наурызында Әбілазовтың тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы еш түсініктемесіз экстремистік деп танылып, бүкіл ел көлемінде оның мүшелері қуғындала бастады. Сонымен қатар, биліктегілер Әбілазовтың немесе «ҚДТ» қатысы бар деген кез келген шараны болдырмауға жанын салып тырысуда.

«Бұл жастарды ақылға салу керек. Қытай үшін бұл бір болмашы нәрсе, бірақ оның ақырғы салдары ауыр болуы ықтимал», – деп топшылайды қытайтанушы Мұхтар Әуезов.

Қалай болған күнде де, антиқытайлық көңілкүйдің өршеленуі келешекте синофобияның күшейіп, тіпті зорлық–зомбылыққа әкелуі мүмкін деген қауіпті арттырып отыр.

«Қазақстанда ксенофобиялық көңілкүйдің өршіп кеткендігін өкінішпен мойындауыма тура келеді. Синофобия – осы процестің бір пұшпағы ғана. Мұндай құбылыстардың қазіргі заманда өркениетті мемлекет үшін кешірілмес нәрсе деп есептеймін», – деп жазады ҚР ауыл шаруашылығының бұрынғы министрі Марат Төлібаев өзінің Facebook–тегі парақшасында.

Көршілес ел әзірге синофобиялық көзқарастарға қатысты ресми ешқандай пікір білдірмеді. Алайда соңғы жылдары Қазақстан азаматтары Қытайға виза алу кезінде қиындықтарға тап болып жүр. Әсіресе бизнесі Қытаймен байланысты адамдар мұны қатты сезеді.

Саяхаттанушы Андрей Гундарев көп уақыттан бері Тибетке турлар ұйымдастырып келеді, оның айтуынша, «қазір адамдар жеке визаны қанша ақша ұсынса да ала алмайды, тек 700 АҚШ долларына мульти–виза алуы мүмкін».

«Осы себептен Тибетке саяхаттаудан бас тартып жатыр, өйткені рұқсаты тым қымбатқа түседі. мульти–визаны да бірден ұстата қоятын ешкім жоқ, паспортта кемінде екі жеке визаның мөрі тұруы тиіс деген талап бар. Топтық визамен де қиындық бар. Бес адамдық топқа виза алып, Тибетке келуге болады, бірақ бес адам бір мезетте жинала қоймайды, оның үстіне барлығы бір қаладан болуы екіталай. Осы бір кикілжіңдер менің бизнесіме зиянын тигізіп жатыр», – дейді Гундарев.

Қазір әлеуметтік желілерде Талғардағы, Шымкенттегі, Сарыөзектегі оқиғаларды ұйымдастырған жастардың әрекетін қолдаушылардың саны артып келеді.

«Марат Төлібаевтың қытай–қазақ тойын болдырмаған лаң туралы постының астындағы қазақтардың жазып жатқан пікірлерін көрдім де, менің елім фашизмнің сәл–ақ алдында тұрғандығын түсіндім. Ең алдымен бұл надандықпен байланысты – адамдардың басым көпшілігі жұлдыз жорамалы мен шатақтан басқа ештеңе оқымайды, көретіні тек жаңалықтар, көңіл көтеретін бағдарламалар немесе Рен ТВ сияқты, өзі сау адамды жынды қылып, маңызды нәрседен назарын аударатын бірдеңелер», – деп, Ардақ Букеева Facebook–тегі парақшасында өзінің үрейімен бөліскен.

This publication was prepared under the "Giving Voice, Driving Change - from the Borderland to the Steppes Project" implemented with the financial support of the Foreign Ministry of Norway.

Frontline Updates
Support local journalists